29 қыр, 2023 сағат 10:51

Атырауда әнұранды құрметтемеген әскери қызметшіге айыппұл салынды

Фото: © atpress.kz

Атырау облысында Қазақстан әнұранына лайықты құрмет көрсетпеген азаматқа 170 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" AtyrauPress порталына сілтеме жасап.

16 қыркүйекте Атырау облысы Мақат ауданында «Зарница» әскери-спорттық ойыны басталарда Мемлекеттік Гимн орындалған. Сол кезде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі оң қолын жүрек тұсына екі саусақпен қойып, Әнұранға құрмет көрсетпеген.

Осыған байланысты Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталық облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудан әкіміне ұсыныс жолдаған. Яғни аталған азаматты ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы («ҚР Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу») 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған.  

«Е-Өтініш» жүйесіне тіркелген шағым полиция департаментінде қаралды. Кінәлі азамат анықталып, оған заңға сәйкес әкімшілік айппұл салынды», - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.

Осылайша, кінәлі тұлға 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 172 500 теңге айыппұл арқалап отыр. Егер оны бір апта ішінде төлеп үлгерсе, тек жартысын ғана өтейді.

Ал, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Руслан Хамзаның айтуынша, осыған ұқсас жағдай осыдан төрт жыл бұрын орын алған.

«Атырау қаласындағы «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер арасында шағын футболдан ашық турнир өткен болатын. Жарыстың басында ҚР Әнұраны орындалған сәтте оң қолын жүрек тұсына қоймаған, яғни, мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетпеген еліміздің екі азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танылды. Оларға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды», - дейді ол.

Айта кетейік, «Менің Қазақстаным» 2006 жылы 6 қаңтарда ресми түрде Парламентте талқыланып, мемлекеттік Гимн болып бекітілді. Оның мәтініне Тұңғыш Президент тарапынан қосымша өзгерістер енгізілгенін көпшілік жақсы біледі. Әнұран орындалғанда жұртшылық орындарынан тұрып, оң қолын сол жақ кеудесіне – жүрек тұсына қояды.