28 сәу, 2023 сағат 11:42

Атырауда әкімдік қызметкерлері кәсіпкердің жер телімін кеңейтуден бас тартқан

© Sputnik / Дмитрий Астахов /

Атырау әкімдігінің қызметкерлері кәсіпкердің жер телімін кеңейтуден бас тартқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кәсіпкердің жер учаскесін кеңейтуден бас тартқан Атырау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

«Шешім жер комиссиясының хаттамасы негізінде өтінішті қарау мерзімдерін бұза отырып, бас тарту туралы қаулы шығармай қабылданған. Осыған байланысты кәсіпкер мемлекеттік органның шешіміне шағымданды. Департамент қызметкерлері кәсіпкердің дәлелдерін тексеріп, көрсетілген фактілерді растады. Қазір жергілікті атқарушы орган жер телімін кәсіпкерге беру бойынша мәселені қарастырып жатыр. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Жылыой ауданында кәсіпкерлерге жер учаскелерін бөлу, бизнес нысандарына инфрақұрылым жеткізу жөніндегі мәселелерге сыртқы талдау жүргізілген.

«Жылыой аудандық жер комиссиясы 2020-2022 жылдары 27 кәсіпкердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткен. Заң талаптарына сәйкес комиссиямен нысаналы мақсатын өзгерту көзделмеген. Мәселен, Жылыой ауданы әкімдігінің қаулысымен кәсіпкерге бұрын пайдалануда болған жер учаскесіне қосымша 8,0 гектар заңсыз берілген. Қосымша берілген жер учаскесі негізгі жер учаскесінен 500 есе артық. Кәсіпкерге берілген жер учаскесі бірнеше бөлікке бөлінген. Бұл заңға қайшы, әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсетеді. Жылыой ауданындағы жергілікті атқарушы органдарының лауазымды тұлғалары «Теңіз» вахта кентіндегі жер учаскелерін аукцион арқылы сауда-саттыққа қоймай, кәсіпкерлер үшін жасанды әкімшілік кедергілер жасағаны анықталды», - дейді департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.