Атырауда 42 мың адам жұмыс берушілер есебінен екпе жасатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күн суытқан сайын тұмау немесе ЖРВИ жұқтырып алу қаупі де жоғарылайды, уақытында емделмесе ауру асқынып кетуі мүмкін. Бізде ауырып қалу қаупі жоғары топ бар, оларға – медицина қызметкерлері, балалар мен қариялар, мүгедектер мен аяғы ауыр әйелдер жатады. Оларға ерекше көңіл бөлеміз, тегін екпе жасаймыз. 2019 жылы бұл топтағыларға жергілікті бюджет 30 мың екпе алдырған. Топқа кірмейтіндер ақылы негізде екпе ала алады. Қазіргі уақытта тұмауға қарсы 984 адам ақылы негізде және 42 047 адам жұмыс берушілердің есебінен екпе салдырған», - деп мәлімдеді Атырау облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысының міндетін атқарушы Амантай Жұмағалиев.
Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысында 20-29 жас аралығындағы тұрғындарға қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша екпе жасалып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 47 250 адам салдырып үлгерген. Қызылша мен қызамыққа қарсы екпе жасау жыл соңына дейін жалғасады.