13 ақп, 2020 сағат 13:23

Атырауда «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Рахат-Би Әбдісағин концерт берді

Атыраудағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында әлем елдеріне өнерімен танылған ең жас композитор, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Рахат-Би Әбдісағиннің тегін концерті өтті.

Ол – симфониялық оркестрге және камералық ансамбльге арналған 100-ден астам туындының авторы. Көптеген халықаралық композиторлар мен пианистер конкурсының жеңімпазы. Табиғи қабілетінің арқасында 13 жасында студент атанып, 17 жасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын үздік бітірген. Атырауда «Қазақстанның Моцарты» атанған дарын иесінің тегін концерті «Зымыран заман» деп аталды.

Бес жүз орындық театрға жиналған атыраулықтар Рахат-Би Төлегенұлының классикалық шығармаларын жылы қабылдады. Әсіресе, жас композитордың «Өмірге құштарлық», «Жыл құстарының сыңсуы» секілді бірнеше туындысы көрерменді баурап алды.

«Бұл –менің Атыраудағы алғашқы концертім. Көрерменнің классикалық өнерге де бет бұрғаны қуантады» дейді талантты композитор Рахат-Би Әбдісағин.