Атырауда Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы өтті. Оған облыс басшылығы мен кәсіпкерлік сектор өкілдері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сенат депутаттары алдымен жүн өнімдерін шығаратын «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС иелігіндегі фабриканың жұмысымен танысты. Бұл фабрикада қой және түйе жүнінен көрпе тігіледі. Алайда, директор Назгүл Есмаханованың айтуынша, өнімді шығару мен шикізат жеткізудегі қиындыққа байланысты фабрика өз қуатының 30 пайызын ғана пайдалануда.
«Мемлекеттік тапсырысқа қатысты мәселелер жеткілікті. Егер мемлекеттік тапсырысқа ғана сенім артып отыра берсек, бизнес өркендемейді. Бір бизнесмен өзінің 15 керемет жобасы бар екенін, бірақ оны жүзеге асыратын қаржының жоқтығын айтты. Оған инвесторды мемлекет тауып беруі керек. Бұдан іс өне ме? Жалпы қолдау көрсетудің түрі бар. Бірақ, бұл сіз үшін біреу жұмыс істейді деген сөз емес. Жалпы, заңнамалық құжаттарға бірқатар өзгеріс енгізетін уақыт келді. Осыған қатысты өңірлерде кездесулер өткізіп, ұсыныс-пікірлерді саралап келеміз. Бірге жұмыс істеп, мәселені бірге шешейік. Бізге диалог керек», - деді Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысын қорытындылаған Серік Жақсыбеков.