Атырауда 20-21 қыркүйек күндері «Atyrau Urban weekend» талқылау шарасы өтті. Онда қаламыздың бүгінгі жағдайы жайында пікір алмасып, оның тұрмысы мен тіршілігін жақсартуға мүдделі болатын мүмкіндіктер турасында талқыланды.
Азаматтық орталықтың ұйымдастыруымен өткен шараға Атырау тұрғындары, зейнеткерлер, қалалық әкімдіктің өкілдері, еріктілер мен қала белсенділері, сарапшылар қатысты.
Шараға спикер ретінде Алматыдағы «Urban Forum Kazakhstan» жобасының басшысы Әсел Есжанова және осы жобаның құрылтайшысы Әділ Нұрмақов та қатысты.
Олар «Урбанистиканың заманауи үрдістері», «Атыраудың жайлылығын зерттеу» тақырыптарында сөз қозғады.
Спикерлер қаланың қоғамдық орындарында DIY (өзіңіз жасаңыз) сессиясын және жобалау әдістерін қолдана отырып, қоршаған ортаны жақсарту жолдарын айтты.
Сондай-ақ, «Таң» дамыту және қолдау қорының эксперті Шынар Ізтілеуова «Қоғамға көпшіліктің араласуы және жүргізілген талдау нәтижелері» тақырыбында қатысушыларға 2018 жылы жүргізілген талдау нәтижелерін түсіндірді.
Атырау қаласының тұрғындары үшін қаланың жайлылығын талдау нәтижелері 2018 жылы Chevron компаниясының қолдауымен Urban Forum Kazakhstan өткізген болатын. 300 адам қатысқан анализ қорытындысы бойынша, тұрғындардың 41%-ы басқа қалаға көшкісі келетінін айтса, 27%-ы көшкім келмейді деп жауап берген. Тұрғындардың қалғаны жауап беруге қиналағанн. Осындай мәселелердің шешімін қатысушылар бірге талқылады.
Урбанизация - Қазақстан үшін сөзсіз адами капитал мен әл-ауқаттың дамуын қамтамасыз етуші құралдардың бірі. Урбандалған ортада қалаға тән өзіндік ерекше мәдениет қалыптасады, халықтың әлеуетін дамытуға барлық жағдай жасалады және жаңа технологияларға, жаңа кәсiп түрлеріне бейімделу тез жүреді.
Дамыған елдердегідей орасан зор өндірістік қуат, ақпараттық, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық әлеует шоғырланған мегаполистер мемлекеттік байлықтың негізгі өсімін қамтамасыз етуі Қазақстан үшін де маңызды.
Біріншіден, қалалар құрылысы мен елді мекендерді дамыту барысында азаматтардың мүддесін ескеру қажет. Халықтың денсаулығын және өмір сүру жайлылығын барлығынан жоғары қою керек. Ол үшін барша қала тұрғындарына тиесілі қалалық тіркеуге тұруды жеңілдету, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қажет.
Екіншіден, қалалар құрылымын оңтайландырып, ғылымды дамытуға барша қалалық ресурстарды жұмылдыру маңызды. Ірі елді мекендердегі құрылысқа арналған және ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлерді қатаң бақылауға алу қажеттілігі де бар.
Айта кетейік, екі күндік шараның алғашқы күні бүгінгі заманғы қолайлы орта, жайлы қала қандай болуы керек, қазіргі қоғам және экология, Атырау қаласының барлық тұрғындар үшін қолжетімділігі жайлы сарапшылар мен қатысушылар пікір алмасты. «180 секунд ішіндегі қала» киносы көрсетілді.