20 мау, 2022 сағат 22:25

Атырау стадионында төбелеске қатысқан 28 адамға айыппұл салынды


Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 28 адамға қатысты 28 іс қаралды. Құқық бұзушыларға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 28 адамның ісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен қаралған. 

Құқық бұзушылар қоғамдық орында, атап айтқанда, «Атырау» мен «Ақтөбе» футбол командалары арасындағы кезекті матч өтетін стадион алдында төбелескен. Олардың бұл әрекететі айналасындағыларды сыйламау, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу ретінде сараланған. 

Сот әкімшілік жаза қолдану барысында құқық бұзушылардың жауаптылығын ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді. Сондай-ақ, сотталушылардың кінәсін мойындағанын, отбасылық жағдайын, әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот қаулысымен 2 адамның әрқайсысына 15 315 теңге, ал, 26 тұлғаның әрқайсысына 10 721 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау стадионында футбол жанкүйерлері төбелесіп қалғанын болатын. 

Жанкүйерлер арасындағы төбелес 19 маусымда сағат 17:55 шамасында Атырау қаласындағы «Мұнайшы» стадионының алдында болған. 

«Полиция қызметкерлері қоғамдық орында құқық бұзушылыққа жол берген 30 адамды ұстады. Олар Атырау қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Төбелеске кезінде жанкүйерлердің қолында түрлі-түсті түтін шығаратын дыбысы бар зат болған», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.