17 қаз, 2022 сағат 19:05

Атырау облысының тұрғындарынан 300 келіге жуық бекіре балығы тәркіленді


Атырау облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері сатуға дайындалған 300 келіге жуық бекіре балығын тәркіледі, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

"Атырау қаласында ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен шұғыл қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде заңсыз ауланған бекіре тұқымдас балықтарын қала ішінде сатпақ болған әкесі мен ұлын, яғни 61 жастағы және 37 жастағы екі жергілікті тұрғынды ұстады.

Белгілі болғандай, Нива автокөлігін тоқтатып, тінту кезінде күдіктілердің үйінің жанында, сондай-ақ мекенжайынан 280 келіден астам бекіре балығы табылып, тәркіленді" - делінген хабарламада.


Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Мемлекетке келтірілген залал құны 130 млн теңгені құрады. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.