Су тасқыны қаупіне байланысты Атырау облысының Сағыз ауылынан эвакуацияланған тұрғындар үйіне оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 наурызда сағат 22:00-де Ноғайты өзені тасыған.
Ноғайты өзені Ақтөбе облысынан басталып, Атырау облысындағы Сағыз ауылы арқылы ағып, Қоңырсай өзеніне құйылады. Өзеннің тасуына қардың еруі себеп болған. Су деңгейі шамамен 3 метрге көтерілді.
«Сол себептен, Сағыз ауылындағы бірнеше үйді су басу қаупі төнді. Тұрғындарды құтқару жұмысына Төтенше жағдайлар департаментінің (18 қызметкері), жергілікті атқарушы органның (25 қызметкері), жергілікті тұрғындар (100 адам), аудандық полиция бөлімінің (2 қызметкер 2 техника), «Шанхай контракшн» ЖШС (3 қызметкер, 1 тиегіш), «Адай» ЖК (3 қызметкер 1 тиегіш), «Ерболат» ЖК (1 қызметкер, 1 тиегіш) және «Қазақстан теміржолы» (30 қызметкер) компаниясының қатысуымен тұрғындарды жергілікті мектеп пен колледжге эвакуациялау жүргізілді. Ал өзен жағасы құм үйіндісімен бекітілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Эвакуацияланған тұрғындар саны – 50 адам. Оның ішінде 23 бала бар.
«Бүгін, 31 наурызда, сағат 09:00 шамасында Ноғайты өзеніндегі су деңгейі төмендеді. Су басу қаупі сейілгеннен кейін сағат 03:30-да эвакуацияланған тұрғындар үйіне оралды», -деп мәлім етті департаменттен.