Бүгін ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау облысының полиция департаментіне жаңа бастық тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Департаменттің жаңа басшысы - Қамза Үмбетқалиев. Ол - 56 жаста, соңғы үш жылда департамент бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген.
ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Еңбек жолын Атырау облыстық ІІД жедел іздестіру бөлімінің жедел уәкілі ретінде бастаған. Әр жылдары аудандық полиция бөлімдерін басқарған, 2012-2016 жылдары Атырау ІІД бастығы болған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсенбаевтың неліктен қызметінен босатылғанын түсіндірген болатын.
«Шынында да, мұндай жағдай тіркелді. Өздеріңіз білетіндей, 13 мамырда әлеуметтік желілерде Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының полиция генерал-майоры шенін алуына орай ұйымдастырылған шараға қатысқаны туралы видео тарады. Осыған байланысты министрдің тапсыруымен қызметтік тергеу басталып, Атырауға комиссия 14 мамырда жіберілді. Ол комиссияны өзім басқардым. Ол жерде тәртіптік комиссия өткіздік. Соның қорытындысы бойынша министрге (Ерлан Тұрғымбаевқа) Аян Дүйсенбаевты қызметінен босату туралы ұсыныс жолдадық», - деген болатын Алексей Калайчиди.