Атырау облысында электр желілерінде болған апатты жағдайларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«27 шілдеде сағат 18:08-де Атырау облысында ауа райының қолайсыздығы (жаңбыр, найзағай, дауылды жел) себебінен «Құрманғазы» мұнай айдау станциясын қоректендіретін бағанадағы 220 кВ-тық 2 электр желісі (ӘЖ) бір мезгілде өшіп қалды. ӘЖ «Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы» АҚ-ның теңгерімінде. Электр беру желілерінің құлаған бағаналары табылды. Бұл «Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы» АҚ-ны энергиямен қамтуда 16 МВт-қа дейін шектеуге әкелді.
Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытында қоректендіруші желілердің іске қосу тетіктері де өшіп қалды.
«Karabatan Utility Solution» электр станциясының энергия жүйесімен байланыс желілері өшіп қалып, салдарынан электр станциясы генерацияны нөлге дейін төмендетті.
Қазіргі уақытта технологиялық бұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде», - делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, бүгін кешке Атырау мұнай өңдеу зауытында электр энергиясы сөнген болатын.
«KEGOC» АҚ электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастады. Соның салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты болмады. Осыған байланысты зауыт жұмысы авариялық жағдайда тоқтатылды. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін сыртқы электрмен жабдықтау жүйесі толық тұрақтанғанша, зауыттың отын желісі технологиялық регламентке сәйкес алау жүйесіне бағытталады. «KEGOC» АҚ-ның электр беруді тоқтатуы жоспардан тыс болып отыр. Бұл өндірістің жұмысына кері әсер етеді», - делінген еді зауыт мәліметінде.