13 шіл, 2022 сағат 21:02

Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам мерт болды


Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысты. Оқиға орнында бір адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін, 13 шілдеде болған. 

Бұл туралы Атырау облысының Мақат ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне жергілікті уақытпен сағат 11:45-те хабар түскен. 

Мақат кентінен 20 шақырым қашықтықта темір жол өткелінен өтпек болған «Lada Granta» жеңіл автокөлігі жүк пойызының тепловозына соқтығысып қалған. 

«Соқтығысудың салдарынан жеңіл көліктің 1999 жылғы жүргізушісінің жарақат алғаны анықталды. Ал көлікте болған 54 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Холматро» арнайы құралы арқылы мерт болған адамның денесін шығару жұмыстарын жүргізді.

Жүк пойызының тіркемесінде құрылыс материалдары тиелген 66 жүк вагоны болған.