Көпбалалы, жалғызбасты және әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналарды қолдауға арналған шара бірінші кезекте 200 адамды қамтиды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырауда «Жайық» спорт кешенінде облыс әкімінің есеп беру кездесуі жалғасуда. Нұрлан Ноғаев екі мың адамның алдында «Атырау облысының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қортындылары туралы» баяндама жасап, биылғы жоспарларды атап өтті.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қазір аймақта көпбалалы жұмыссыз аналарды, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналарды қолдауға бағытталған жаңа шаралар жасалған. Шара аясында аналар жаңа мамандық меңгерудің қысқа мерзімді курстарына қатысады. Бірінші кезеңде курсқа 200 адам қатысады деген жоспар бар. Әйелдердің таңдауларына 10 кәсіби бағыт беріледі, курс 15 күнге дейін созылады. Оқу аяқталған соң қатысушыларға сертификат беріледі.
«Курстарды Азаматтық орталықтың мамандары дайындады. Біздің мақсатымыз - әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сол арқылы өз істерін бастап, мақсаттарын айқындап, алға қарай дамуларына қолдау көрсету. Бүгінде өңірдегі кәсіпкерлердің 47% - әйелдер. Бұл көрсеткішті әлі де арттыру керек», - деді Атырау облысының әкімі.
Жұмыссыз аналарды оқытатын он бағыттың ішінде тігінші, аспаз, шаштараз, маникюр, визаж, бухгалтерия, емдік массаж, интернет-сауда дағдысы, SMM секілді курстар бар. Оқу аптасына үш рет жүреді, наурыз айынан бастап топ жиналады.
«Курс барысында әйелдер жаңа мамандықты игеріп қана қоймай, әлеуметтік желілерде іс жүргізу, маркетинг пен бизнес негіздеріне онлайн режимде оқи алады», - деді Нұрлан Ноғаев.
Аталған курстарға оқуға жұмыссыз көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік осал топтағы аналар шақырылады.
Айта кетейік, Атырау облысында 1 ақпан 2019 жылғы мәлімет бойынша, 12 249 көпбалалы ана жәрдемақы алады, оның ішінде 5557 «Күміс алқа», 3594 «Алтын алқа» иегерлері, 10 және одан да көпбала тәрбиелеп отырған 983 батыр ана бар. Мемлекеттен жәрдемақы алатын аналардың жалпы саны - 22 383 адам. Облыста атаулы әлеуметтік көмекті 2035 отбасы (10949 адам) алады.