Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл ауылында қарақшылық шабуыл болды, деп хабарлайды Ult.kz Криминальный Казахстан телеграм арнасына сілтеме жасап.
Белгісіз әйел ІІ топтағы мүгедек, қарт тұрғынның үйіне баса-көктеп кіріп, бетіне сірке суын шашқан. Салдарынан жәбірленуші көзінен күйік алып, көру қабілетінен жартылай айырылды.
Шабуылдан кейін қаскүнем үйден алтын әшекейлерді ұрлап, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жәбірленушіге медициналық көмек көрсетіліп, кейін үйіне жіберілген. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы әлі де ауыр.
«Анамның көздері күйіп қалған. Өзін нашар сезінеді, бірақ дәрігерлер оны үйге қайтарып жіберді», — дейді зардап шеккен әйелдің қызы.
Қазіргі таңда полиция оқиға бойынша тергеу жүргізіп, қылмыскерді іздестіруде.
