Фото: Атырау облысы ТЖД
Атырау облысында із-түзсіз жоғалған 1 қаңтардан бері табылмай жатыр. Ол Ресей Федерациясымен шекарадағы ауылда жоғалып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Құрманғазы ауданындағы Көптоғай селолық округінің тұрғыны үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
«Бұл селолық округ Құрманғазы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №7 өрт сөндіру бөлімінен 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан, аталған бөлімнің құтқарушылары 2023 жылдың 1 қаңтар күні үйінен белгісіз бағытқа шығып, қайта оралмаған 1972 жылғы ер адамды іздестіріп жатыр», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарасындағы ауылдан із-түзсіз жоғалып кеткен тұрғынды іздестіруге 9 адам мен 2 техника тартылған. Оның ішінде төтенше жағдайлар бөлімінің 7, аудандық полиция бөлімінің 2 қызметкері бар. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарына жергілікті атқарушы орган мен ауыл тұрғындары да көмек көрсетіп жатыр.