Атырау облысында балық өтетін арналардың түптерін тереңдеткеннің нәтижесінде балықшылар 2,5 мың тонна балық артық аулады.
Атырау облысындағы өзендерде жүргізілген түп тереңдету жұмыстары оң нәтиже көрсетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.
2017 жылы Жайық, Қиғаш өзендеріндегі балық өтетін арналардың түптерін тереңдету жұмыстары басталды. Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, аталған шара алғашқы нәтижелерін көрсете бастаған.
- Су көлемін және гидрогеологиялық режимді арттыру жобалары балықтардың кедергісіз өтуіне, балық қорын сақтауға, мекендеуіне және табиғи өсіміне қолайлы жағдай жасауға бағытталған, -деді Нұрлан Ноғаев.
Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстарына республикалық бюджеттен 2,151 млн теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы - 62 км. 16,9 км жаңа арна қазу жоспарланған.
Жайықпен бірге Қиғаш өзенінің де түбі тереңдетілді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 5,453 млн теңге бөлінген. Жүргізілген жұмыстардың жалпы ұзындығы - 154 км, 2020 жылы аяқталады деп жоспарланған.
- Балық аулайтын өндірістік кооперативтер жыл басынан бері белгіленген лимит аясында - 6 555 тонна балық аулады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4038 тонна болған еді. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіптік балық аулау көлемі - 2517 тоннаға артты. Бұл жүргізілген түп тереңдету жұмыстарының оң нәтиже көрсеткенін аңғартады, соның арқасында балықтардың өзенге уылдырық шашуға өтуі жақсарды, су қоймасында балық қоры сақталды. 2018 жылдың аяғында болған жаппай балық қырылу дерегіне қарамастан, жақсы нәтижелер бар, - деді Нұрлан Ноғаев.
Атқарылған шаралар өзендердің гидрогеологиялық режиміне де оң әсер етеді. "Қазгидромет" РММ ай сайын Жайық өзеніндегі су сапасына, йон, биоген мен органикалық заттарға, ауыр металлдарға мониторинг жүргізіп отырады. Жайық өзегіндегі су сапасы нормадағы көрсеткіштерден аспаған. Сонымен қатар, өзендегі су бассейніне де зерттеу жүргізілуде. Жобаның басты міндеті - Жайық өзеніне антропогендік факторлардың әсерін азайту жөнінде ұсыныстар дайындау. Зерттеу барысында өзен түбіндегі шөгінділерден, балықтан, судан сынамалар алынады, зертханалық жағдайда сараланады. Зерттеу қорытындысымен мамандар өзеннің су бассейніне адамдардың ықпалын төмендетуге мүмкіндік беретін тұжырым шығарады.
Айдын Какимов