Атырау облысында жеңіл көлік 24 қойды қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін, 25 шілдеде болған.
Сағат 6:30 шамасында «Атырау-Ақтөбе» тасжолының 400-шақырымындағы Жантерек елді мекенінің тұсында RAVON R4 жүргізушісі 24 бас қойды қағып кетті.
Бақташы малды жолдың белгіленбеген жерінен өріске айдап өтпек болған. Соның салдарынан 1 млн 200 мың теңгенің материалдық шығыны келген.
«Жеке тұлғалардың мүлкіне залал келтіргені үшін қой бағуға шыққан адамға құқық бұзушы ретінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген полиция хабарламасында.
Бұдан бұрын Атырау облысында жүк пойызы 20 қой-ешкіні басып кеткенін хабарлаған едік.
Жүк пойызының машинисі «Қиғаш-Атырау» учаскесіндегі №15 разъезде темір жол үстінде жүрген қой-ешкілерді байқап, шұғыл тежеу әдісін қолданған. Алайда оқиғаның алдын алу мүмкін болмаған.
Пойыз 16 қой мен 4 ешкіні басып кетті. Жүк пойызы осының салдарынан 12 минут мәжбүрлі түрде тоқтап тұрды. Пойыз астына түскен малдың иесі Исатай ауданындағы Аққыстау ауылының тұрғыны болып шыққан. Мал иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 559-бабының 1-бөлігімен айыппұл салынған.