19 сәу, 2022 сағат 16:57

Атырау облысында 211 жылқының қандай ауруға шалдыққаны анықталды


Атырау облысында 211 жылқының қандай ауруға шалдыққаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың мәліметінше, наурыздан бері 211 жылқы ауруға шалдыққан. 

«Исатай Құрманғазы және Махамбет аудандарында биылғы наурыз айынан бері 56 жеке тұрғын мен 5 шаруа қожалығына қарасты 211 жылқы белгісіз аурумен ауырғаны анықталды. Оның ішінде 75 жылқы өлді. Ал, 136 жылқыға симптоматикалық емдеу шаралары жүргізіліп жатыр», - дейді Қайрат Нұрлыбаев. 

Оның айтуынша, ауру себебін анықтау үшін өлген жылқыдан қан сынамалары алынған. Сынамалар мен патологиялық материалдар республикалық ветеринариялық зертханаға, Ұлттық референттік ветеринария орталығына, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша зерттеу институты және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтына жіберілген.

«Жылқының ауруына ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне ғалымдарды шақырту жөнінде хат жолданды. Облысқа келген мамандар Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Қызылқоға аудандарын аралап, ауырған жылқыдан сынамалар алды. Хаттамаға сәйкес делафондиоз аурының қоздырғышы, гастрофилез, жылқы параскаридозы анықталды. Ғалымдардың алдын ала сараптамасына сәйкес, аталған қоздырғыш мал өлімінің себебі болып отыр. Осыған байланысты ғалымдар бұл аурумен күресу үшін мал иелері мен ветеринариялық дәрігерлерге қан паразитарлық аурулар мен гельминтоздарды емдеу және алдын-алу шаралар бойынша жұмыстарды жүргізуді ұсынып отыр», - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.