14 қаз, 2019 сағат 07:49

Атырау облысында 100 млн теңге алимент берешегі өтелді

Атырау облысында 100 млн теңгеден астам алимент берешегі өтелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау облысында прокурорлық іс-шаралардың нәтижесінде алиментке қарызы бар жұмыссыздардың саны азайып келеді. Олар жұмысқа тартылуда. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 2,5 мың адамнан 742-ге дейін төмендеді. Барлығы 100 млн теңгеден астам алимент берешегі төленді», - дейді Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Қанат Қабдолов.

Оның айтуынша, қасақана алимент төлемей келген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

«Құрманғазы аудандық прокуратурасы 1,9 млн теңге алимент қарызы бар борышкер А. Рыспаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Аудандық сот Рыспаевтың бас бостандығын 1 жылға шектеу туралы үкім шығарды. Ал тағы бір борышкер Н. Ажбенов ҚР ҚК 139-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылды. Ол бүгінде 400 мың теңге қарызын өтеп үлгерген», - дейді Қанат Қабдолов.