04 қаң, 2023 сағат 21:55

Атырау облысында 1 қаңтарда жоғалған ер адам көрші ауылдан табылды

Фото: Атырау облысы ТЖД

Атырау облысында 1 қаңтарда жоғалған ер адам көрші ауылдан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Құрманғазы ауданының Ресей Федерациясымен шекарасындағы Көптоғай селолық округінен жоғалып кеткен ер адам көршілес Шортанбай ауылынан табылған.

«Шортанбай ауылындағы дүкен сатушысы мен учаскелік полиция инспекторы жоғалған ер адамды танып, жедел әрекет еткен. Соның нәтижесінде жүйке ауруларымен есепте тұрған 51 жастағы ер адам ағайын-туыстарына жеткізілді. Туысқандарының сұрауы бойынша бұдан өзге ақпаратты жариялай алмаймыз», -деп мәлім етті полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Құрманғазы ауданындағы Көптоғай селолық округінің тұрғыны 1 қаңтарда жоғалып кеткен. Туыстары оның жоғалғаны туралы хабарды 2 қаңтарда берген.

«Аталған селолық округ Құрманғазы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №7 өрт сөндіру бөлімінен 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан, аталған бөлімнің құтқарушылары 2023 жылдың 1 қаңтар күні үйінен белгісіз бағытқа шығып, қайта оралмаған 1972 жылғы ер адамды іздестіруді тоқтатқан жоқ. Бұгін, 4 қаңтарда сағат 17:00 кезінде табылған ер адам медициналық көмекті қажет етпеді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Із-түзсіз жоғалған тұрғынды іздестіруге 8 адам мен 3 техника тартылған. Оның ішінде төтенше жағдайлар бөлімінен 6, аудандық полиция бөлімінің 2 қызметкері бар. Сондай-ақ, іздестіру жұмыстарына жергілікті атқарушы орган мен ауыл тұрғындары қосылған.