Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кетті. Облыс әкімінің денсаулық сақтау саласына жауапты бірінші орынбасары Серік Шапкеновке қатаң сөгіс жарияланды», - деп мәлімдеді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігінің ақпаратына сенсек, қазір облыста денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударуда, жыл сайын дәрігерлерге қажетті қаражат бөлініп жатыр, салаға құйылған қаржы көлемі өсіп келеді, перзентхана, аурухана, медициналық мекеме атаулының бәрінің осы күнгі мәселелері шешімін тауып жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы олардың талапқа сай болуы үшін жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, Мәншүк Аймұрзиева Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып 2017 жылы тағайындалған. Оған дейін Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының даму және ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болған.
Еске салайық, Атырау облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері мен акушері саналы түрде сәбидің өмірін сақтап қалмады деген күдікке ілінген.
Орталық қызметкерлері жұмыстан кетуге өтініш жазып, артынша Президенттен көмек сұраған.