Атырау облысы әкімінің қос орынбасары - Серік Айдарбеков пен Нариман Таушов жұмыстан қысқартылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында айтылған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарындағы мемлекеттік қызметшілердің санын оңтайландыру мақсатында Атырау облысы әкімі орынбасарларының шекті саны екі штаттық лауазымға қысқартылды.
Осыған байланысты облыс әкімінің екі орынбасары - Серік Айдарбеков пен Нариман Таушовтың лауазымдары қысқартылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Серік Айдарбеков 2020 жылдың қазанынан бері Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Бұл қызметке дейін ол үш жыл Мәжіліс аппаратын басқарған.
Нариман Таушов 2021 жылдың наурызынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ол бұған дейін Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарған. Ауған соғысының ардагері.