ҚР Ішкі істер министрлігі Атырау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы А.Дүйсембаевтың қатысы бар видеоға түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаевтың айтуынша, видеодағы оқиға 2014 жылдың қазан айында болған.
«Сол уақытта Атырау облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары лауазымында болған Дүйсембаев досымен, отбасыларымен бірге Минск қаласында болған. Досы өзінің танысының шақыруымен ойынханалардың біріне барған. Алайда, жұбайы қарсылық танытып, жолдасын құмар ойыннан бас тартқызу үшін ойынханаға Дүйсембаевты шақырған және осы жайт соңғысының аталған жерде баруына себеп болған», - деді ол.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, Дүйсембаев құмар ойын ойнамаған. Оған 2014 жылдың қазанында арнайы жүргізілген тексеру шаралары дәлел бола алады.
Айта кетейік, соңғы уақытта таралған видео материалда Дүйсембаевтың ойынханада қомақты қаржыдан ұтылғандығы айтылады.