28 шіл, 2022 сағат 03:37

Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірісі толығымен тоқтап тұр


Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірісі толығымен тоқтап тұр. Қазір мұнайды бастапқы айдайтын екі қондырғысы жұмыс істейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» агенттігі.

Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратовтың мәліметінше, кенеттен екі желіде электр энергиясын беру тоқтатылған. 

«Соның салдарынан бастапқыда зауыттың екі қондырғысы тоқтатылды. Содан кейін іс жүзінде барлық өндірістің жұмысы тоқтап қалды. Электр энергиясын «Атырау-Жарық» компаниясынан аламыз. Қазіргі уақытта мұнайды бастапқы айдаудың тек екі қондырғысының жұмысын сақтап қалуға мүмкіндік туды. Қондырғыларды пайдаланудан шығару кезінде барлық газ алау шаруашылығына жіберілді. Бұл қондырғылардың депрессиясы болмауы үшін автоматты түрде жасалады. Зауыт қондырғыларына келген зиян туралы айтуға әлі ертерек. Бұл қондырғыларды іске қосу кезінде анықталады», - деп мәлім етті зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов.

Бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты сөніп, қондырғылар тоқтатылғанын хабарлаған едік.

Атырау мұнай өңдеу зауытының қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, «KEGOC» АҚ электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастаған. Осыған байланысты зауыт жұмысы авариялық жағдайда тоқтатылған. Бұл өндірістің жұмысына кері әсерін тигізеді.

Осыған байланысты Атырау экологтары Атырау экологтары мұнай өңдеу зауыты маңында ауадан сынама алуды бастаған еді.

Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғаныш аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сынамаларын алуға кірісті. 

«Жедел әрекет ету мақсатында департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғаныш аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сынамаларын алып жатыр. Сынамаларды талдау қорытындысы қосымша хабарланады», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.