02 қыр, 2022 сағат 11:23

Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеріс басталды


Атырау тұрғындары түнде шығатын мүңкіген иіске шағымданады. Экологтар мұның себебі мұнай өңдеу зауыты болуы мүмкін дейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Қала тұрғындарының айтуынша, жағымсыз иістерден әлсіздік, жүрек айну, бас ауыруы жиі пайда болады. Облыстық экология департаменті мұнай өңдеу зауытын тексеруге кірісті.

"Бұл - мұнай өнімдерінің иісі. Біз Атырау мұнай өңдеу зауытын жоспардан тыс тексеруді бастадық, қызметкерлеріміз қазір зауытта. Сонымен қатар, зертхана желдің бағыты бойынша атмосферадағы ауаны бақылайды. Жел қазір оңтүстік-батыс, яғни зауыт жақтан соғып тұр", - деп түсіндірді Атырау облысы экология департаментінің басшысы Әлібек Бемұхаметов.

Тексерудің тиімді болатыны әлі белгісіз, өйткені иістің нақты себебі анықталмаған. Кәсіпорындарда көп тексеріс жүргізілді, бірақ ауаның ластану себебі әлі анықталған жоқ.

Еске салайық, бір ай бұрын департамент Атырау мұнай өңдеу зауытында профилактика бақылауын жүргізіп, жалпы сомасы 5 миллион теңгеден аса заңбұзушылықтар үшін айыппұл салған болатын.