Атырау мұнай өңдеу зауытындағы 27 технологиялық қондырғыда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекте басталады. Қазір зауытта жанармай қоры жасақталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың мәліметінше, негізгі мақсат – өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына және жабдықтар мен құбырларды, электр жабдықтарын, технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін, бақылау-өлшеу аспаптарын куәландыруға байланысты жоспарлы жөндеу жүргізу.
«Біздің зауытта мұнайды қайта өңдеудің екі ағынды тізбегі бар. Бұл нысандардың кезекпен тоқтатылып, іске қосылуына ықпал етеді. Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жөндеу жүргізу кезінде зауыттың 50-70% қуаты жұмысын жалғастыра береді. Бұл кезде зауыт жұмысы толығымен тоқтатылмайды», - дейді Мұрат Досмұратов.
Оның айтуынша, қондырғылардың жобалық көрсеткіштеріне қол жеткізу, экологиялық параметрлерді жақсарту, автоматтандыру құралдарын ретке келтіру үшін технологиялық, компрессорлық және динамикалық жабдықты қауіпсіз әрі сенімді пайдалануды қамтамасыз ету өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес атқарылады. Жөндеу кезінде катализаторларды ауыстыру, ішкі инспекция, реакторлық, ыдыстық, колонналық, жылу алмасу жабдығы мен құбыр жолдарын тексеру және куәландыру жүргізіледі.
«Технологиялық нысандар кезең-кезеңімен жөнделіп, зауытты тұрақты жұмыс режиміне көшіру қарашаның бірінші онкүндігіне дейін жүзеге асырылады. Отандық нарықта жанар-жағармай майдың тапшылығын болдырмау үшін Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жүргізу басталғанға дейін қажетті резерв дайындайды. Сол себептен, қыркүйек айына әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің қорын жасақтау көзделіп отыр. Оның ішінде 75 мың тонна автокөлік жанармайы, 115 мың тонна дизель отыны, 6 мың тонна реактивті отын, 5 мың тонна сұйытылған газ бар», - деп мәлім етті Мұрат Досмұратов.