23 нау, 2019 сағат 15:41

Атырау халқы ерлікпен қаза тапқан полицейді соңғы сапарға шығарып салды

Бүгін Атырауда суға кеткен қызды құтқару кезінде қаза болған полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевты ақырғы сапарға шығарып салу рәсіміне мыңнан астам қала халқы жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Жиналған қауым арасында Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары полиция полковнигі М.Байболов, облыстың бас полицейі полиция полковнигі А.Дүйсембаев, сондай-ақ Полиция департаментінің жеке құрамы болды.


Қаралы жиында қызметкерінің жоғары адамгершілік қасиеттерін еске алған Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев: 

«Менің өзімнің қызмет еткен бірнеше жылдардың ішінде алғаш рет жас жауынгерімнен айырылып тұрмын. Менің жауынгерім қан майданда емес, адамды ажалдан арашалау кезінде Жайықтың асау толқынында қаза болды. Қош бол, менің жас жауынгерім!» - деп толқи сөйледі.


Ақымғалиевтер отбасына көңіл айтып жолдаған ҚР Сенат Парламентінің төрағасы Д.Назарбаева, «Нұр Отан» партиясы төрағасының біріншісі хатшысы М.Әшімбаев, ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың жедел хаттары оқылды.

Жерлеу рәсімі кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевқа құрмет көрсету үшін полиция департаменті қызметкерлері аспанға үш мәрте бос патрондармен оқ атып, қоштасу белгісін білдірді.