Атырау қаласының аумағына 2 елді мекен қосылады. Бұл туралы Атырау қаласының әкімдігі Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алмалы және Береке ауылдық округтерінің қосылуы нәтижесінде облыс орталығының аумағы 7,145 гектарға ұлғаяды», - делінген хабарламада.
Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Наурызбек Құмаровтың айтуынша, қазіргі кезде жоғарыда аталған екі ауылдық округте 8 мыңға жуық адам тұрады.
«Бұған дейін Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 15 наурыздағы № 44 қаулысымен Геолог ауылдық округін қалаға қосу туралы қаулы шыққан болатын. Махамбет ауданына қарасты елді мекендердің облыс орталығына қосылуына байланысты қала аумағы 45 871 гектарды құрайды», - деді Наурызбек Құмаров.