Атырау экологтары мұнай өңдеу зауыты маңында ауа сапасын тексеруге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мамандар Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғаныш аймағының шекарасында атмосфералық ауадан сынамалар алуға кірісті.
Экологтардың жедел әрекет етуіне Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты сөніп, қондырғылар тоқтатылғаны себеп болып отыр.
«Бүгін, 27 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 17:05-тен бастап «KEGOK» АҚ-ның №209 және №210 желілері апаттық жағдайда сөндірілген. Осыған байланысты «АМӨЗ» ЖШС-нің электрмен жабдықтау желісінде кернеу төмендеген. Соның салдарынан зауыттың технологиялық қондырғыларындағы динамикалық жабдықтың бір бөлігі әлсін-әлсін тоқтап тұрған. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында зауыттың отын желісі алау жүйесіне бағытталды. Жедел әрекет ету мақсатында департаменттің зертхана-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғаныш аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сынамаларын алып жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Атырау мұнай өңдеу зауытының қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, «KEGOC» АҚ электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастаған. Осыған байланысты зауыт жұмысы авариялық жағдайда тоқтады. Бұл өндірістің жұмысына кері әсерін тигізеді.
Айта кетейік, Атырау МӨЗ-де апаттық жағдай бүгін кешке болады.
Артынша, ҚР Энергетика министрлігі жағдайға түсінік беріп, электр желілеріндегі апатты жою жұмыстары басталғанын мәлім етті.