Атырау облысында перинатальды орталығының басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолла мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Гиппократтың антына адал болуды уәде еткен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камераға салып өлтірді деген күдікке ілінді. Тексеру нәтижесінде анықталғанындай, жаңа туған бала қателіктің салдарынан құжат бойынша өлі туғандардың қатарына енгізіліп кеткен. Шынтуайтында ол тірі болған. Баланың тірі екенін білгеннен кейін дәрігерлер оңалту амалдары бойынша шұғыл шараларды қабылдаудың орнына ресімделген құжат бойынша, сәбиді шетінеп кеткенше сол жерде қалдырған. Дәрігердің әрекетінің бір себебі – толтырылып қойған құжат. Ол түзетілмеген», - деді Шыңғыс Қабдолла елордадағы брифингте.
Перзентханаға бірден келген жедел тергеу тобы аталған оқиғаның мән-жайын анықтаған.
«Шақалақтың денесі тоңазытқыш камерасынан табылды. Уақыт бойынша үлгере алмай қалдық. Сот санкциясымен күдіктілер тұтқынға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Перзентхана орталығының басшысы мен әйелді босандырған акушер-гинекологтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Әу баста аталмыш факт бойынша ҚР ҚК 317-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген. Алайда істің мән-жайы анықталғаннан кейін аталған екі адамға тағылған айып ҚР ҚК 99-бабына (қасақана кісі өлтіру) өзгертілген.