04 қар, 2019 сағат 16:10

«Атырау-Астрахан» жолының құрылысы 2022 жылы толық аяқталады - Нұрлан Ноғаев

2022 жылы пайдалануға берілетін «Атырау-Астрахан» жолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ресей Федерациясы шекарасы - Атырау» жолын қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы - 277 шақырым. Бүгінгі таңда трассаның 60 шақырымын жөндеу жұмыстары басталды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сай құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталуы тиіс. Бірақ, құрылыс қарқыны жақсы болғандықтан құрылысшылар ерте бітіруі де мүмкін», - деді аймақ басшысы.

Атырау - Астрахан – «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан екі бағыттағы жолдың бірі. 2022 жылы толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Екінші бағыт – Атырау-Ақтөбе жолы, оның 27 шақырымы төселді, 88 шақырымы салынып жатыр. Қалған 40 шақырымында дайындық жұмыстары жүруде.

Сонымен қатар, аймақта көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жол-құрылыс жұмыстары жүзеге асуда. Жалпы ұзындығы - 165 шақырым болатын 216 көше, 32 елді мекенде жол салу жоспарланған. Облыс орталығында 4 басты көше кеңейтіледі, кеңейту жобасы: жол төсемін көбейту, жаңа LED жарықтандыру орнату, жаяу жүргіншілер жолын, вело-жол салу жұмыстарын қамтиды. Келер жылы облыс орталығында 7 көшені кеңейту жоспарланған. 45 шақырым жаңа жол салынады.

«Бүгінде Атырауда және қала маңындағы елді мекендердегі сапалы жол үлесі – 85 пайыз», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.