Атырау – Астрахань жолын салып жатқан жұмысшылар үш адамның қаңқасын тауып алды. Оқиға орнына шақырылған полиция қызметкерлері зираттың қай ғасырға тиесілі екенін анықтау үшін шаралар орындап, сүйектерді жер қойнауына қайта тапсырды, деп хабарлайды Sputnik.
Қаңқалар Құрманғазы ауданы Жаңаталап ауылдық округінің Күйген ауылына жақын жерден табылыпты. Жол құрылысы үшін топырақ қазып жатқан жұмысшылар адам сүйектеріне кез болған.
"Үш адамның сүйегі бейіт басынан алыста он метр тереңдіктен табылды. "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" жолын салып жатқан "СинеМидасСтрой" мердігер ұйымының өкілдері жұмысты бірден тоқтатқан. Мердігер ұйымның басшысы жұмысты басқа учаскеге ауыстыруды тапсырды", - делінген "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ хабарламасында.
Бастапқыда сүйектерді тауып алған жұмысшылар құқық қорғау органдарына хабарлаудың орнына видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялапты. Желі арқылы хабардар болған ресми билік өкілдері оқиға орнына аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдерін жіберген.
Жергілікті тұрғындар бұл жерде зират болғанын білмейді. Қаңқалар он метр тереңдікте табылғандықтан, жүздеген жыл бұрын көмілген шығар деген пайымдау бар. Бұл сұрақтың жауабын полиция тағайындаған сараптама беруі тиіс.
Жұмысшылармен сөйлескен аудан әкімі Қайрат Нұртаев бұдан былай кез келген күтпеген жайтты жергілікті билік өкілдеріне бірден хабарлауды сұрады.
Полиция тиісті тергеу жұмысын бітірген соң, табылған сүйектер елді мекен жанындағы зиратқа қайта жерленді.