Фото: © Sputnik
Ақмола облысындағы колонияда сотталушыны азаптау дерегіне қатысты тергеу нәтижесінде 14 қызметкер қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Әлеуметтік желілерде орналастырылған бейнежазбаға сәйкес, Ақмола облысы бойынша ҚАЖД мекемесі әкімшілігінің және қызметкерлердің заңды талаптарға бағынбау фактілерінің жолын кесу кезінде арнайы құралдарды қолдану арқылы қызметтік бабын асыра пайдалану белгілері байқалғанын хабарлаймыз.
Жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері бойынша, Тәртіптік комиссияның шешімімен облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ колония бастығы атқаратын лауазымдарынан шеттетуге ұсынылды. Сонымен қатар құқық бұзушылыққа қатысы бар 11 қызметкер ІІО-дан теріс себептермен жұмыстан шығаруға ұсынылды.
Қазіргі уақытта прокуратура органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр" - делінген хабарламада.
Еске салайық, әлеуметтік желіде әскери киім киген жеті адамның түрмедегі сотталушыны дәретхана жуудан бас тартқаны үшін жабыла соққыға жығып, азаптау әдістерін қолданған видеосы тарап, қоғам наразылығын тудырған еді.