26 ақп, 2021 сағат 08:59

Атамқұлов өнеркәсіп саласының дамуын тежеп тұрған факторларды атады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов отандық өнеркәсіп саласының дамуын тежеп тұрған факторларды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жаңа тәсілдер мен қағидатты шешімдер әзірлеуді талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер әлі де ашық күйінде қалып отыр. Олар: импортталатын өнімнің жоғары үлесі, шикізатқа шектеулі қолжетімділік, цифрлық технологияларды пайдаланудың төмен деңгейі, сыртқы нарықта ілгерлету кезіндегі кедергілер мен шектеулер және өндірісті жаңғыртуға қаражаттың жетіспеуі», - деді Бейбіт Атамқұлов Сенатта өтіп жатқан «ҚР өнеркәсіптік саясатты заңнамалық реттеу: жай-күйі, проблемалары және шешу жолдары» тақырыбындағы Үкімет сағатында. 

Оның айтуынша индустрияландыруды одан әрі дамыту үшін кешенді, жүйелі тәсілдің қажеттілігін назарға ала отырып, Мемлекет басшысы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырған.

«Заң жобасының мақсаты - қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған өнеркәсіпті жедел дамыту арқылы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Заң жобасы негізгі міндеттер ретінде мыналарды айқындайды: қолайлы индустриялық климатты қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуды қамтамасыз ету, инновацияларды тиімді енгізу, өнеркәсіпте елішілік құндылықты дамыту», - деді ол.