03 қыр, 2019 сағат 20:08

Ата заң - алтын арқау

Еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі – Конституция күніне орай Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты жиын өтіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Алдымен Қазақстан Республикасы Конституциясына арналған бейнероликті тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары облыс басшысы Амандық Баталовтың құттықтауын тыңдады.

– Құрметті жетісулықтар! Сіздерді тәуелсіз Қазақстанның басты тірегі, сенімді символы – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз бүгінге дейін тарих толқынында қаншама ұлы өзгерістерді басынан кешірді. Қасым ханның қасқа жолынан бастап әр дәуірде өз қоғамына, өмір сүру салтына лайықтап заң жинақтарын жасады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы да сол алтын арқауды үзбей жалғастыра отырып, жаңа заман, озық үлгі, тың талапқа лайық жұмыс істеуде, – деп сөз бастаған облыс әкімі бұдан соң Жетісу жеріндегі жетістіктер мен көрсеткіштер жайында айтып өтіп,  әлеуметтік мәселелердің қалай шешімін тауып жатқандығын әңгімеледі. – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен әзірленген еліміздің жаңа Конституциясы бүгінде демократиялық, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде дамуымызға қолайлы жағдай жасап отыр. Елбасымыздың: «Ең бастысы, кім екеніне қарамастан, əр адам Конституция қағидаларын қатаң сақтауға міндетті. Біздің бəріміздің заңды білуіміз маңызды. Ал оларды орындаудың маңызы одан да зор», – деген сөзінен Ата Заңның салмағын терең ұға түсеміз. Елдің басты құжаты, киелі кітабы саналатын Конституция әр азаматқа өзін жеке тұлға ретінде дамытуға, еркін білім алуға, қалауынша еңбек етуге, кәсіппен айналысуға, рухани және материалдық игіліктерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан да ыстық мекен, жылы ұя, ортақ Отанымыз Қазақстанда өмір сүру – біз үшін зор мақтаныш!

Конституциямыздың «Біз, Қазақстан халқы» деп басталуының өзі мемлекетімізде ел бірлігінің, халықтар достығының негізгі құндылық екенін айғақтайды. Басты Заңымыз баршамызды татулыққа, елжандылыққа, бір-бірімізге құрметпен қарауға шақырады. Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық тарихы Ата Заңымыз айқындаған осы бағытымыздың дұрыс екенін көрсетіп отыр. Бүгінде Қазақстан беделді, өркендеу жолына түскен, тарихы, тілі, мәдениеті қалыптасқан, әлем картасынан берік орын алған мемлекетке айналды. Сол жеткен жетістіктерімізді, Елбасының салып берген сара жолын жалғастыруға, Стратегиясын одан әрі нығайтуға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бәрімізді жұмылдырып отыр. Осы ортақ іске атсалысып, белсене үлес қосу – басты міндетіміз.

Амандық Ғаббасұлы бұдан кейін облыс экономикасындағы жетістіктер жайында айтып өтті. Оның айтуынша, өңірге 263,1 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, 23 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуге баса назар аударылып, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп отыр. Одан бөлек, арнайы Әлеуметтік карта жасалып, қолдаудың нақты түрлері жүзеге асырыла бастаған. Осыған орай көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың балаларының қоғамдық көлікте тегін жүруіне, балабақша мен мектепте ыстық тамақ ішуіне мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берілген тапсырмаларды орындау үшін республикалық бюджеттен қосымша 5,6 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге жұмсалады. 

Осындай игілікті істердің арқасында биыл облыста 672 көпбалалы отбасы тұрғын үй алады. Одан бөлек, жергілікті демеушілер өз қаржыларына көпбалалы отбасыларға 135 жеке үй мен пәтер әперіп, елдің ризашылығына бөленді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды жалдамалы үймен қамтамасыз ету үшін биыл бюджеттен 8,7 миллиард теңге бөлініп, тұрғын үйлер салынып жатыр. Биыл сол қаржыға 284 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Осындай жетістіктерді таныстырған аймақ басшысы көпшілікті мерекемен құттықтап, жұмысқа жаңа қабылданған мемлекеттік қызметкерлердің ант беру рәсіміне куә болды. Жас қызметкерлердің жұмысына сәттілік, ісіне табыс тілеген Амандық Ғаббасұлы өз өмірінен естелік айтып, жастарға ыстық лебіз білдірді. Сондай-ақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. 

Салтанатты жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Мәди АЛЖАНБАЙ