05 сәу, 2017 сағат 09:28

"Асыл Арман" тұрғын үй кешенінде оқушы қызды өлтірді деген күдікті өз кінәсін мойындады (Видео)

Алматы облысындағы "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінде 17 жастағы қызды зорлап, артынша өлтіріп кеткен күдікті тергеушілерге оқиғаның толық мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Patrul.kz.

Жантүршігерлік кісі өлтіру оқиғасы 31 наурызда болған. 35 жастағы Дәуреннің айтуынша, ішімдіктің салдарынан осы оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын ол әйелімен ұрысып қалған. Әйелі болса, балаларын алып, Ұзынағаштағы туыстарына кетіп қалған. 31 наурызда оның әйелі жұмысқа шығуы керек болған. 17 жастағы Әйгерім мен балаларын ол күйеуіне қарай жіберген. Ер адам балаларын аулаға ойнауға жіберіп, ал жиен қарындасын дүкенге ішімдікке жібереді. Әйгерім туысынан еш қауіптенбей, пәтерді жинастыруға кіріскен. 

"Ішіп алғаннан кейін, оған тиісе бастадым. Мұның барлығы қай уақытта болғаны есімде жоқ. Сағат 12-де немесе бірде болды. Мен оны бірден тұншықтырдым. Сосын мен оны киіндіріп, төсектің астына тығып, жамылғымен жауып тастадым. Осы кезде есік қағылды. Балалар сырттан келді. Олар су ішіп, нан жеп болған соң қайтадан сыртқа шықты. Тағы да арақ іштім. Балконға шықсам, онда палас тұр екен. Соны жайып, мәйітті соған орадым. Екі жағын скотчпен орап, диванның астына тығып қойдым", - деді ұсталған ер адам. 

Ер адамның айтуынша, ол өзі не істеп қойғанын бірден түсінбеген. Есін жиып, не істегенін білгенде қорқып кетіп, жазадан құтылу жолдарын іздеген. Ер адам балаларды үйге кіргізіп, ұйықтатып, ал өзі болса үйдегі ақшаны алып қашып кеткен. 

Еске сала кетейік, 2 сәуірде Алматы облысында тұрғын үй кешендерінің бірінде 17 жастағы қыздың мәйіті табылғаны жайлы хабарланған болатын. ІІД өкілдерінің айтуынша, "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінде 2000 жылғы қыздың мәйіті табылған.

Ал 3 сәуірде 17 жастағы қызды зорлап өлтірді деген күдікті ұсталған болатын. 1982 жылғы жергілікті тұрғын осы қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта ер адам Қарасай аудандық ІІБ-не жеткізілді.


kaz.tengrinews.kz