видеодан алынған кадр
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматыдағы өрт туралы пікір білдіріп, биік үйге арналған автобаспалдақ туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
1 тамызда Алматыда 16 қабатты үй өртенген еді. Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырып, кейін өздері де секіруге мәжбүр болған.
«Автобаспалдақ бар, біз 16-қабаттан адамдарды эвакуациялауға мүмкіндік беретін үш автобаспалдақ қойған едік. Құрылысшылардың көмегіне келсек, олар жақын жерде – тұрғын үй кешенінен 300 метр қашықтықта болған және тезірек көмекке келген. Біздің бөлімшелер 8 минутта келіп, талаптарға сәйкес жұмыс істеді», - деп түсіндірді Серік Шәріпханов Үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, кейбір тұрғындардың терезеден секіруі – асығыстық салдары. Олар дүрбелеңге бой алдырған.
«Олар секірген соң, бірер минуттан кейін біздің қызметкерлер осы пәтерлерге кіріп, адамдарды эвакуациялады. Атап айтқанда, секірген әйелдердің егде жастағы туысы құтқарылды. Өздеріңіз көріп отырғандай, балконға шығып, түтін кірмеуі үшін есікті жауып, күтуге болар еді. Көптеген адамдар сияқты құтқарушылардың көмегін күту керек еді», - деп толықтырды министр.
Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылдан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі салынып жатқан үйлердің өрт қауіпсіздігін тексеруді бастайды.