Астық жинау саласын цифрландыру жылдық түсімді 25 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Nur Otan» партиясының сайлауалды жаңа бағдарламасына сәйкес біздің алдымызда агроөнеркәсіптегі еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, өнім экспортын екі есе ұлғайту міндеті тұр. Экспортталатын өнімнің 70 пайызы өңделген болуы керек. Алға қойылған міндеттерге қол жеткізудегі басты құралдардың бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландыру. Ол өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайтуға, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 100 млн гектардан астам жер 5 жылдың ішінде цифрландырудан өткізіледі. Оған мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 50 млрд теңге инвестиция қажет болады.
«Қазірдің өзінде, саланы цифрландырудың нәтижесінде тиімді тәжірибе жинақталуда. Мұны фермер қожалықтарының басшылары өз сөздерінде атап өтті. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы цифрландыру жиналатын астық пен мал шаруашылығы өнімін 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал фермерлердің шығыны 15 пайызға қысқарады. Жалпы алдағы уақытта астық жинау саласын цифрландыру өнім түсімін жылына 25 млн тоннаға дейін ұлғайтады», - деді Асқар Мамин.