Алматы – Еуразия континентінде ерекше жүйелі дамып келе жатқан ірі мегаполис. Ол әлемнің 17 қаласымен бауырластық орнатқан. Газет тілшілері әлем елдерінде іс-сапарларда болып, арнайы репортаждар беруді дәстүрге айналдырған. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай "Алматы ақшамы" газетінің тілшісі Ермек Зәңгіров Ресейдің Астрахань, Шешенстан, Қалмақ, Дағыстан елдеріне сапарға аттанып кетті. Бүгін оның Астраханьнан жолдаған алғашқы мақаласын беріп отырмыз.
Біз Атырау арқылы Астраханьға жексенбі күні түс ауа жеттік. Астрахань қаласы туралы ежелгі аңызда былайша сыр шертеді. Онда әз-Жәнібек хан өз ордасын тұрғызуға орыстың әйгілі ісмер сәулетшісін, құрылыс салу шеберін шақыртып алып, ордасын соған тұрғыздырыпты. Орда сән-салтанатымен салынып біткен соң, хан шеберден еңбегінің өтеуіне не қалайтынын сұрапты. Құрылыс шебері ханға риза болатынын айтқан. Тақсыр ісмердің қалаған жерін алуына рұқсат беріпті. Сәулетші өгіздің терісін жіңішке таспадай етіп тіліп, осы бүгінгі қала тұрған жерді «қоршап алыпты» деседі ханның білгіштері. Ежелгі қазақ жерінде орыс қаласы осылайша пайда болған көрінеді.
Қаланың қақ ортасында орналасқан Астрахань Кремлін асықпай араладық. Іші-сыртын, қоршаған қабырға, жарларын, шіркеулер мен соборларды көріп, олардың осыншама уақыт мүжілмей, аман сақталғанына таңқалдық.
Астрахань қаласының ежелгі аты – Қажы Тархан деп аталған. Қажы Тархан хандығы (1465 – 1556) Алтын Орда ыдырағаннан кейін құрылған дербес мемлекеттердің бірі. Бұл – Астрахань хандығын Ресейдің жаулап алуы, яғни, Русьтің Шығыс елдеріне қарсы бағытталған алғашқы жорықтарының құрбанына айналған қала болатын. Қала – Еділ өзенінің екі жағалауын ала Каспий теңізінен 150 шақырым қашықтықта орналасқан. ІІІ ғасырларда бүгінгі қаланың орнында хазарлардың Әтел, орысша Итиль қаласы болған. ХІІІ ғасырда Шыңғысхан қаланы қиратып, орнына Сыйтырхан деген қаласын көтеріп, хандықтың астанасы еткен. 1459 – 1556 жылдары қала жаңадан құрылған Астрахань хандығының астанасы болып белгіленген. 1558 жылы қала Ресей империясының құрамына алынғаннан кейін патша билігі көшпенділердің жаугерлігінен қорқып, қаланы Еділ өзенінің оң жағалауына көшіруге мәжбүр болыпты. 1559 жылы Ресей империясының түркі тектес елдерді жаулап алуына наразы болған Түркияның әрекеті өз нәтижесін бермеген. 1589 жылы «Астрахань Кремлі бой көтерген. Оның сыртынан «Ақ қала» атанған тас қала салынып, Астрахань – Ресей империясының Орта Азияға қараған форпостына айналған.
Қала батысында Қалмықиямен, солтүстігінде Волгоград облысымен, шығысында Атырау және Батыс Қазақстан облысымен шектеседі.
Ресейліктер Астрахань қаласын Оңтүстік Венеция, Каспий аймағы елдерінің астанасы деп те атайды екен. Қала – Ресейдегі тарихи құндылықтарға бай 115 қаланың қатарына жатқызылған. Ол Еділдің жоғарғы бөлігінде орналасқан. Мәскеу мен екі орта 1411 шақырым. Қала 4 әкімшілік ауданға бөлінген. Өткен жылғы санақ бойынша шаһарда 532 699 тұрғын тұрады екен. Аумағы 208,7 шаршы шақырымды алып жатыр. Бүгінгі таңда Астраханьда 100-ден астам ұлт өкілі тұрады екен. Оның ішінде, қазақтар қала халқының 5,45 пайызын, яғни, 24 мыңды құрайды.
2008 жылы Астраханьның қала атауының 450 жылдығы тойланыпты. Осынау 450 жыл аралығында қалаға Сарайхан патшаның Астерхан және Қасымхан деген ұлдары кезекпен-кезек билік жасапты. Астрахань атауының өзі топонимикалық құрылымы бойынша «ас» деген түрік сөзінен алынған көрінеді. Жаугершілік заманда қалаға Ақсақ Темір бірнеше рет шабуыл жасап, жермен-жексен етіп жағып та жіберген көрінеді. Қалада Қазақстан Республикасының консулдығы жұмыс істейді. Көршілес Атырау қаласымен бауырластық орнатқан.
Енді ежелгі тарихтан тағы бір сыр шертейік. Қалада жолаушылап жүрсін, жергілікті тұрғын болсын, әйтеуір, қазақ көп. Олар Ресейде емес, өз жерінде жүргендей еркін. Айтпақшы, олар шын мәнінде өздерінің Отандарында жүргендей сезінеді екен. Сондықтан, Астраханьның ежелгі қазақтың қаласы екенін айтуға толық қақымыз бар. Бұл – әрине, өткен шақ.
ХVІІІ – ХІХ ғасырларда Еділ-Жайық аралығын Ресей империясы жаулап алу саясатының нәтижесінде қазақтар өздерінің ата қонысынан айрылды. Ақын Мұрат Мөңкеұлының:
«…Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны», – деуі бекер болмаса керек. Ақын одан әрі Еділ-Жайық емес, Сарытау (Саратов) пен Астрахань жерлерін тартып алғаны туралы:
«…Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,
Сарытау, Аштарханның жерін алды,
Артынан Еділден соң, Нарынды алды», – деуі сол зұлматтың боямасыз көрінісі еді. Бұл, несін айтасың, шындыққа құрылған сөз.
Мұндағы барлық тарих Астрахань Кремлінде. Қаланың қақ ортасында 1580 жылдары басталып, 1620 жылы біткен Кремль халықтың көп жиналатын ортасы екен.
Кремльді аралап жүріп, қарсы жолыққан жолаушыдан қолына фотоаппаратымды ұстатып, суретке тартуын өтінгенім сол еді, ол менің қайдан келгенімді сұрады. Айтып түсіндіріп едім, таңқалды. Ол – өзін юрт халқының ұрпағымын деп таныстырды. Алғашқы рет естуім, осындай да ұлт барын.
Юрттар – Астрахань облысының Володар, Нариманов, Привольжский аудандарында тұрады екен. Түркі ұлысынан, өздерін ноғайлармыз дейді. Жалпы саны – 20 мыңға жетіп-жығылатын көрінеді. Ноғай тілінде сөйлейтін юртпен әйтеуір, ұғысқандай болдық. Негізгі бастауын Сібірден алған юрттар көшпелі қыпшақ ұлыстарымен діннің суннит ағымын ұстанады екен. Әдеби тілі дамымаған, өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін татар тілін қолданып келіпті. Алғашында олар қазақтармен араласып, құдандалы болып жүріпті. Кейін қазақтар жаппай орыс тіліне көшкесін, юрттар татар тілін қолай көрген сыңайлы.
«Басыңнан кім сипаса, машайығың сол» демекші, юрттардың да басына бұлт үйірілген кездер болыпты. Ағайыны ноғайлардан алшақтап, татар, қазақ, түркімен, орыс халықтарымен араласамын деп, өзге тілдердің ықпалына түсіп кеткен көрінеді.
Қызмет бабында жүргендіктен, біліп-көруге ынталылық танытып, әлгі юртты «шәй – менен, әңгіме – сенен» деп Кремль іргесіндегі кафеге сусын ішуге шақырдым. Айтпақшы, юртымыздың аты – Мнажадин болып шықты. «Осында сізге менен де жақын – қарағаштар тұрады», – деді ол әңгіме көрігін қыздырып. Өздері бізден көп емес, бірақ, уәдеге, дініне берік. Олар да суниттер. Негізінен, Краснояр, Харабалин аудандарында қазақтармен араласып тұрады.
Тарихқа жүгінсек, қарағаштар үшін қазақтан артық туыс жоқ. 1740 жылы Кавказда ен жайлаған ноғайлардан еншісін бөліп, осы жерге келген соң жергілікті қазақтармен араласып кетіпті. Бұлардың да фольклоры, рухани, материалдық құндылықтары немесе жазба ескерткіштері жоқ. КСРО тұсында қарағаштар ана тілі ретінде ноғай тілін оқып келсе, қазір одан да жұрдай қалыпты.
Қазақстан, қазақтар туралы айтқанымда Мнажадин бауырым, таңырқағаннан үндемей қалды. Әрине, қызғаныштан болар, бірақ, Ресей саясаты оны айтқызбасы анық еді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қалада Каспий аймағы елдері басшыларының басқосуы жиі өткізіліп тұрады.
Біздің алдымызда ғана Астраханьда Каспий теңізі жағалауы елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің екінші рет медиафорумы өтіпті.
Форумға қатысушылар келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне өз елдерінің қызығушылық танытып отырғанын білдіріпті.
Халықаралық қауымдастық назар аударып отырған көрмені өткізуге дайындық барысы, оның басты тақырыбы – жасыл экономика туралы көрсетілген арнайы бейнероликке Каспий жағалауында орналасқан бес елден 300-ге жуық БАҚ өкілдері қатысыпты.
Медиафорумға қатысушылар Қазақстанның қуатты даму қарқынына қызығушылықтарын танытқан. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде бір-бірімен араздасқан елдердің татуласуына, сөйтіп, экономикалық, іскерлік байланыстарын қайта жалғасуына арағайындық жасап, бітімгершілікті көздеген мақсатын қолдайтындарын білдірген.
Қатысушылар Каспий маңы елдеріндегі жаңалықтар мен проблемалардың БАҚ-тарда көрініс беруі ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруға жол ашатынына тоқталыпты.
Соңғы уақытта өңірде шекаралас жатқан аймақтар тұрғындарының өзара қарым-қатынасына оң әсер ететіндей үлкен жұмыстар жасалуда екен. Қазақстан Астраханьмен көптеген әлеуметтік-экономикалық жобаларды бірлесе жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда Астрахань өңірінде қазақстандық капиталдың қатысуымен 60-тан астам кәсіпорын белсенді жұмыс істеуде екен.