05 ақп, 2019 сағат 14:21

Астананың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Қаланы қардан тазалауға 2 мыңнан аса жұмысшы шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Алматы» ауданында қар тазалауға 513, «Байқоңыр» ауданында 283, «Есіл» ауданында 699 және «Сарыарқа» ауданында 603 жұмысшы шыққан. Елорданың төрт ауданында қар тазалауға мамандандырылған техниканың мыңға тарта бірлігі жұмылдырылған.

«Алматы» ауданында техниканың 262 бірлігі қар жинауда. Оның 42-сі - фронтальды тиегіштер, 111-і - жүк түсіргештер, 41-і - МТЗ сыпырғышы, 46-сы - суару-жуу машиналары, 5-і - автогрейдер, 10-ы - құм шашқыштар, 7-і - жүк тиегіштер.

«Байқоңыр» ауданында қар тазалау жұмыстарына тартылған техниканың жалпы саны 128 бірлікті құрайды», - деп мәлімдеді қала әкімдігінен. Қардан тазарту жұмыстарына жұмылдырылған техника саны бойынша Есіл ауданы алдыңғы қатарда. Мұнда 329 мамандандырылған техниканың бірлігі жұмыс істеуде.

Ал «Сарыарқа» ауданын қардан тазарту жұмыстарын 255 бірлік техника жүзеге асырады.