Халықаралық стандарттарға сай жаңа эскалаторлар жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тез тозбайды әрі ресурс үнемдеуге бейім, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Эскалаторлар Ақмола лифтжасау зауытында жиналған. Құрал-жабдықтар Астана қаласының құзырлы мемлекеттік органдарында тиісті есепке қойылды. Сәйкестендіру нөмірлері бекітілген. Пайдалануға жарамдылығы жөніндегі техникалық байқаудан өткізілді» делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, ескірген эскалаторларды жаңасына ауыстыру жұмысы 2018 жылдың қарашасында басталған.
Астана-1 теміржол вокзалы 1990 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда вокзал ғимаратының аумағы - 11 мың текше метр. Тәулігіне 12 000 жолаушыны өткізіп, 37 пойызға қызмет көрсетеді.