Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы газдандыру мәселесін 1-1,5 жылда шешуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Президенті Қызылордадағы Қараөзектен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана арқылы магистралды газ құбыры салынатын мәлім етті.
«Бүгінде республикадағы газдандыру деңгейі шамамен 50 процентті құрайды. Батыс пен оңтүстіктегі 9 облыс газбен қамтамасыз етілді. Орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз қалып отыр. Осыған байланысты мен Қызылорда облысындағы Қараөзек жерінен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана арқылы бойынша магистралды газ құбырын салуымыз керек деп ойладым. Бұл 2 млн 700 мың адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, Арқаның экологиялық ахуалына жақсы әсер ететін болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында.
Президенттің айтуынша, газдандыру мәселесі алдағы 1-1,5 жылда шешілуі тиіс және бұл Астанадағы зиянды қалдықтардың ауаға таралуын едәуір азайтпақ.
«Біз тұңғыш рет батыстағы газды оңтүстік арқылы Шымкент-Алматыға дейін жеткіздік. Мүмкіншілік бар. Сондықтан, бұл мәселені шешетін болсақ, Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 6 есеге немесе 35 мың тоннаға азаяды. Сарыарқаның сары желі бәрін алып кетеді деген ой бізде болды. Дегенмен, кейінгі кезде көріп жүрміз. Қалада тұрғынның және көліктің көбеюіне байланысты, екі ЖЭО-ны қатар көмірмен жаққан кезде қаланың үстінде ылғи тұман тұратын болды. Одан кетуіміз керек. Қала әкімшілігі де жұмыс істеп жатыр. Егер мына мәселені шешсек, жолшыбай қанша адамға жеңілдік болады. Мұны бір-бір жарым жыл ішінде шешу керек», - деп атап өтті Президент.
Елбасы Қараөзек - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана бағытындағы магистралды газ құбыры арқылы еліміздің солтүстігіндегі Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалаларын да газбен қамтамасыз ету қарастырылатынын жеткізді. Бұл үшін жобаға Үкімет халықаралық қаржы институттарынан тиісті қаржыландыру тартуы тиіс.