30 мау, 2023 сағат 14:44

Астанаға LRT керек пе – Елорда әкімі пікір білдірді

Фото ашық дереккөзден алынды

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде LRT жобасын соңына дейін жеткізу жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жобаны іске асыру бойынша әртүрлі пікірлер мен көзқарастар бар. Ғылыми тұрғыдан алғанда, халқы 2 миллион немесе 1,5 миллионнан асатын қалада желілік қоғамдық көлік болуы керек. Ол жерасты немесе жерүсті көлігі болсын. Сондықтан менің жеке пікірім, болашақта мегаполисте мұндай көлік болуға тиіс. Ал біз 2030 жылға қарай елорда халқы 2 миллионға жетеді деп болжап отырмыз», - деді Қасымбек БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Әкім жобаның құрылысын жалғастыруға биыл 50 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

Жалпы, LRT-ге бүгінге дейін шамамен 600 млн доллар жұмсалды.