Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Астанафильм» жаңа киностудиясы құрылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астанафильм» киностудиясын құруға қатысты Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар. Қазіргі кезде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеумен айналысып жатырмыз. Бізге осындай киностудияны құру қажеттілігі байқалып отыр. Мәселен, Венгрия, Чехия секілді аумағы жағынан шағын елдердің өзінде бірнеше ресми киностудиялар бар», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы киноиндустрияда қарқынды даму процесі жүріп жатыр, сондықтан алдағы уақытта «Қазақфильм» ауқымды жұмыстарды игере алмауы мүмкін.
«Менің ойымша, жаңа студия ЭКСПО-қалашық маңында орналасады. Қазіргі кезде сәулет мәселесі маңызды болып тұр. Себебі әлемдік киностудияларға туристер көптеп баратыны белгілі. Яғни киноөндіріс бизнеспен қатар жүргізілуі тиіс. Егер де биыл жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтасақ, онда алдағы жылы құрылыстың басталуына өтінім жібере аламыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.ф