Елордалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы Орталық әмбебап дүкенінің (ЦУМ) орнына салынатын ғимараттың сызбаларын көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Онда жеке инвестор жерасты автотұрағы бар бизнес орталығын тұрғызуға ниетті.
«Көпфункциялы кешенде сауда орталығы, тұрғын үйлер және 489 орынға арналған жерасты автотұрағы қарастырылған. Сонымен бірге, екі фонтан тостағаны орнатылып, жерасты автотұрақтан шығатын жабық колонна да салынады», - деп хабарлады астаналық басқармадан.
Сауда орталығы 5 қабаттан тұрады, оның ауданы – 51 157 шаршы метр. Әр қабатта түрлі санаттағы тамақтану нүктелері ашылады.
Одан бөлек, кешенде 5 кинозалдан тұратын кинотеатр-мультиплекс, 6 жолағы бар боулинг, балалар кешені және SPA-бөлімі бар сауықтыру орталығы жұмыс істемек.
Айта кетейік, қазіргі «Sine Tempore» сауда орталығы қалалық әкімдік ғимаратының жанында, Кенесары мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан.