Биылғы мерекеде халықтық серуен, концерттер, спектакльдер, көрмелер, байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылады. Наурыз бағдарламасы ағымдағы жылы ерекше мазмұнды болмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласы әкімдігінің отырысында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Наурыз мейрамына дайындық барысы туралы әңгімеледі. Мереке тұжырымдамасы әзірленді, сахналық алаңдарды, ішкі орын-жайларды, іргелес аумақты безендіру эскиздері дайындалды.
«Мереке аясында түрлі форматтағы 40-тан астам іс-шара өтеді деп жоспарланған. Бағдарламада халықтық серуен, концерттер, спектакльдер, көрмелер, конкурстар бар. Астанада спорттық іс-шаралар жарыстар, жауынгерлік спорт түрлері, қазақ күресі бойынша чемпионаттар өтеді», - деді Н.Нұркенов.
Қала аумағында Наурызды мерекелеудің 23 нүктесі анықталды, онда мереке күндері халықтық серуен форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мерекелік шаралар өтетін негізгі орындар: ЭКСПО аумағы, Қалалық алаң, «Қазақ Елі» монументі, «Жастар» сарайы, сондай-ақ «Жетісу» саябағы. Бұдан басқа, он тұрғын үй алабында («Қазқалашық», «Өндіріс», «Железнодорожный», «Мичурино», «Интернациональный», «Промышленный», «Пригородный», «Үркер», «Көктал-1», «Көктал-2») фондық алаңдар ұйымдастырылады. Жеті тұрғын үй кешені («7-Я», «Ақбұлақ таун», «Қайнар», «Апато», «Достар», «Саламат», «Зерде»), сондай-ақ, «Жастар» театрының алаңы да бар. Барлық алаңдарда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, киіз үйлер, алтыбақандар орнатылады. Мереке күндері іс-шаралар өткізілетін орындарда сауда, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар өтеді.
Басты этноауыл 21-22 наурызда ЭКСПО ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы монументінің жанында ұйымдастырылады. Іс-шара аясында қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен мерекелік концерт, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының музейлік көрмесі ұйымдастырылады. Әрбір киіз үйдің жанында Астана қаласы театрларының әртістері мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің орындауында ұлттық салт-дәстүрлерді көрсету жоспарланған. Жеке аймақ фуд-кортқа бөлінеді. Этноауыл аумағында палау, наурыз көже және бауырсақ дайындау үшін қазандар орнатылады.
«Мереке күндері іс-шараларға 300 мыңнан астам елорда тұрғындары мен қонақтары қатысады деп күтілуде», - деп атап өтті Н.Нұркенов.