Танымал журналист Ирина Бекетованы өлтірген күдікті ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің жедел уәкілдері Ақмола облысының Аршалы ауданы Ижевское ауылында, Есіл өзенінің жағасында иесіз қалған ғимараттан «Nur.kz» журналисі Ирина Бекетованы қызғаныш салдарынан өлтірген А.Гусейновті қолға түсірді. И.Бекетованың мүрдесі үйінің кіреберісінде соққы іздерімен табылған болатын», - деді Алмас Садубаев.
Ресми өкілдің айтуынша, күдікті ұстау барысында қарсылық танытпаған. Полиция қызметкерлері оның қашуына мүмкіндік бермей, дәл үстінен түскен.
«Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Еске салайық, тілші Ирина Бекетова бірер күн бұрын қаза болды. Құқыққорғаушылар оның азаматтық некедегі күйеуі 34 жастағы Гусейнов Анатолий Михайловичті күдікті ретінде таныды. Олардың ортақ некеден екі баласы бар.
ІІМ-нің мәліметінше, А.Гусейнов журналист келіншекті үйдің кіреберісінде өзге ер адаммен тұрғанын көрген. Бекетова мен Гусейнов арасында ұрыс-керіс басталған. Келіншектің танысы ол жерден кетіп бара жатып, әйел соққыға жығылып жатқанын естіген. «Қайта айналып, жоғары көтерілгенде ес-түссіз жатқан әйелді көріп, жедел жәрдем шақырған. Бұл уақытта Гусейнов белгісіз бағытқа бой тасалаған», - деді ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев.
Қылмыскерді ұстауға елордалық ІІД-нің барлық жеке құрамы мен күштері жұмылдырылды.
Көз жұмған Ирина Бекетованың соңында үш ұлы мен бір қызы қалды.