Фото: gov.kz
Астанада Ұлы Отан соғысының 10 ардагері тұрады. Жеңіс күніне орай олардың әрқайсы 1,5 миллион теңгеден алады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық әкімдік сайтына сілтеме жасап.
Елордада тұратын Ұлы Отан соғысының 10 ардагерінің ең үлкені – 103 жаста, ал кішісі – 97 жаста. Биыл Жеңіс күніне орай олардың әрқайсына 1,5 миллион теңге төлеу туралы шешім қабылданған.
"ЧАЭС қатысушылары мен мүгедектерінен бөлек, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 436 адам 120 750 теңгеден алады. Олардың қатарында ҰОС кезеңінде қызмет еткен 13 әскери қызметші, фашистік Германияға қарсы іс-қимылдарға қатысқан жандар, Ленинградта блокада кезеңінде еңбек еткен азаматтар, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары, мүгедек болған әскери қызметшілер бар.
Өзге мемлекеттердің аумағында болған әскери іс-қимылдардың ардагерлеріне (Ауғанстандағы әскери іс-қимылдан басқа) - тәжік-ауған учаскесінде, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясында, Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан міндеттерді орындаған әскери қызметшілерге 35 АЕК (120 750 теңге) мөлшерінде төлемдер көзделген. Елордада 899 адам бар.
Тыл еңбеккерлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің жұбайлары 9 мамырға дейін 11 АЕК (37 950 теңге) мөлшерінде төлем алады", - делінген хабарламада.