15 қар, 2018 сағат 16:24

Астанада "жарылғыш зат" қойылған үйден адамдар эвакуациялануда

Елордада жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түсуіне байланысты көп қабатты үйдің тұрғындары эвакуациялануда. Қазіргі таңда құзіретті органдар хабарламаның авторын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Полиция қызметіне Жирентаев көшесі, 14 мекенжайы бойынша орналасқан үйге жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабарлама келіп түскеннен кейін, оқиғаға орнына жеткен арнайы қызметтер үйдің тұрғындары мен нысанның маңындағы үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруде. Қазіргі таңда арнайы қызметтер мен кинологтар жұмыс істеп жатыр», - деп мәлімдеді қалалық iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығында. 

Өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтерінің көліктері де оқиға орнында.

«Қазіргі кезде құзіретті органдар хабарламаның авторын анықтап жатыр», - делінген хабарламада.