20 сәу, 2018 сағат 15:16

Астанада ҰОС ардагерлері жарты миллион теңгеден алатын болды

2018 жылы Астанада Ұлы Отан соғысының ардагерлері 551 мың 135 теңгеден алады. Бұл туралы Елорданың Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының жетекшісі Ермек Оспанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Астана мәслихатының 2017 жылдың 12 желтоқсанында бекітілген көмекке зәру азаматтардың белгілі санатына әлеуметтік көмек көрсету ережелеріне сәйкес, 9 мамырға ҰОС аргерлері мен мүгедектеріне 67 АЕК, 161 мың 135 теңге әлеуметтік көмек ретінде беріледі", - дейді басқарма жетекшісі мәслихат сесиясында. 

"Биыл Жеңіс күніне Астанадағы  95 ҰОС ардагері мен мүгедектеріне 350 мың теңгеден төлеу үшін жергілікті бюджеттен қосымша 33 миллион 250 мың теңге бөлу жоспарланған. Осылайша, бұл жобаны Астана мәслихаты мақұлдаған жағдайда, Астанадағы ардагерлер мен мүгедектер 511 мың 135 теңгеден алады", - дейді Оспанов. 

Оның сөзінше, бұл төлемдер 1 мамырға жейін жасалады. Қалалық мәслихат депутаттары бұл жобаны мақұлдады. 

"Мәслихат шешімі күшіне енген соң, барлығының денсаулық жағдайын тағы бір тексеріп шығамыз, бұл екі-үш сағаттың жұмысы.

Ақша тек ардагерлердің атындағы карталарға аударылады", - деп түсіндірді басқарма басшысы.  Ол былтыр 9 мамырда Астанада 163 ардагер болғанын айта кетті.